Петропавлдық «Қызылжар» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдады.
Алаң иелері биылғы біріншілікті сәтті бастаған еді. Дегенмен кейінгі турларда жиі қателікке бой алдырып, турнир кестесінде соңғы орынның біріне түсіп қалды.
Сондай-ақ «Жетісудың» да жағдайы мәз емес. Аталған команда қарсыластарына жиі есе жіберіп қойып жүр.
Бүгінгі кездесуде петропавлдық команда сапынан Сенин Себаи 82, Рафаиль Оспанов 92-минутта мергендік танытса, оған «Жетісу» сапынан Антон Шрамченко 97-минутта пенальтиден бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Қызылжар» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді.
Ал «Атырау» мен «Қайсар» (Қызылорда) командалары 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Бұл ойында атыраулық клубтан Игорь Стачевич 59-минутта пенальтиден есеп ашса, Николай Ситневич 79-минутта басымдықты арттырды.
Оған «Қайсар» сапынан Руслан Юденков 81, Дмитрий Бородин 97-минутта пенальтиден екі голмен жауап берді.
Дәл қазір Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Семейдің «Елімайы» арасындағы кездесу басталды. Әзірге есеп - 0:0.
Ал 4 тамызда 18:00–де «Жеңіс» (Астана) пен «Ақтөбе», «Астана» мен «Тұран» (Түркістан) ойнайды.
Бұл турдағы «Тобыл» (Қостанай) мен «Шахтер» (Қарағанды) кездесуі 28 қыркүйекке белгіленген.