Премьер-министр импорт алмастыратын өндірістік шаралар әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында құзырлы органдарға бірқатар тапсырма жүктеді.
— Біріншіден, Қаржы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 2026 жылы 1 қаңтардан бастап қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің автоматтандырылған жүйесін іске қосуды қамтамасыз етсін. 2026 жылы 1 тамызға дейін барлық мүдделі мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор сатып алуды реттейтін заңға тәуелді актілерді сәйкестендірсін, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министр жүктеген екінші тапсырма, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігімен бірге өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін, соның ішінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылым салуды қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.
— Үшіншіден, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі озық технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы импорт алмастыратын өндірістің артуын қамтамасыз ету үшін отандық кәсіпорындар арасында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөнінде нақты шаралар әзірлесін, — деген тапсырма берді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкімет басшысы қазіргі жүйе тауар өндірушілерге сертификатты жалған өндірушілерге беруге жол беріп отырғанын айтып сынады.
Сондай-ақ Премьер-министр «Елішілік құндылық» бағдарламасына қатыспаған кәсіпорындар мемлекеттік қолдаудан қағылатынын айтты.