- Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, өрттердің басым бөлігі жөндеу көрмеген пештерден, дер кезінде тазартылмаған мұржалардан және тозығы жеткен электр сымдарынан туындайды. Кей жағдайда электр желілері мен газбен жабдықтау көздеріне рұқсатсыз қосылу да төтенше жағдайларға әкеп соғады. Әсіресе, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының баспаналарына ерекше назар аудару қажет. Осындай үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу жағдайлары жиі тіркеледі. Сондықтан оларға өрт датчиктерін тегін орнату тапсырылған болатын. Дегенмен, бұл жұмыс Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Осыған байланысты, өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, бір апта мерзімде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғын үйлердің тізімін жаңартуды тапсырамын, - деді О. Бектенов.
Оның айтуынша, анықталған кемшіліктерді жою шараларын қабылдай отырып, үй-үйді қайтадан аралап шығу керек.
- Жалпы өрт датчиктерін орнату жұмыстарын күшейткен жөн. Өңір әкімдіктері тиісті қызметтерге қажетті қолдау көрсетіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне датчиктерді сатып алу және орнату үшін қаражат қарастыруы қажет, - деді Премьер-министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда тұрмыстық газ баллондарына міндетті таңбалау енгізіледі.