Премьер-министр отандық дәрі өндірушілерге: Мемлекет бағаны қолдан өсірмейтіндерге ғана қолдау көрсетеді

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында отандық дәрі өндірушілерге қайырылды. 

— Биыл препараттарға бағаны төмендетудің арқасында мемлекет дәрілерді сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемдеді. Бұл қаражат халықты қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталады.

Сатып алу бағаларының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті. Бірақ біз азаматтарымыздың мүдделерін басшылыққа алуымыз керек, — деді ол.

Үкімет басшысы дәрілер әділ бағамен сатып алынатынын ескертті.

— Отандық фармацевтикалық өндірушілерге айтарым, біз сіздерді әрі қарай да қолдаймыз. Оған ешқандай күмән болмасын.

Бірақ мемлекеттік қолдау шаралары сапалы медициналық өнімді жеткізетін және бағаны жасанды түрде өсірмейтін нарықтың адал қатысушыларына ғана көрсетіледі, — деді Премьер-министр.

Бұған дейін бірқатар онкологиялық препараттың құны 40%-дан астам төмендегенін жазған едік