Премьер-министр тұрғын үйдің бастапқы жарнасын төмендету тетіктерін әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Азаматтар үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Үкімет

- Тағы бір маңызды мәселе – қолданыстағы өндірістік қуаттарды толық жүктеу және жаңа жобаларды уақтылы іске қосу. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге өңдеу кәсіпорындарының жұмысына қажетті шикізат пен қосалқы бөлшектер тиелген контейнерлердің және вагондардың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етсін. Өздеріңізге мәлім, геологиялық зерттеу жұмыстарын жеделдету және перспективалы жаңа кен орындарын анықтау шикізат базасын кеңейте түсуге тікелей ықпал етеді, - деді Премьер-министр.

Осы ретте Үкімет басшысы Өнеркәсіп министрлігіне жыл соңына дейін геологиялық зерттеу жұмыстарының негізгі кезеңдерін аяқтап, нақты нәтижелерді ұсынуды тапсырды.

- Сондай-ақ жоспарланған 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді нақты пайдалануға беру құрылыс секторындағы басым міндет болып қала береді. Бұл ретте тұрғын үйлер қажетті инфрақұрылыммен және абаттандырумен қамтамасыз етіліп, қоныстануға толық дайын болуға тиіс. Өңір әкімдіктері жер телімдерін алдын ала әзірлеп, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарын тездетуі керек. Сондай-ақ тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін жетілдіріп, азаматтар үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, бастапқы жарна мөлшерін төмендету тетіктерін енгізуге қатысты қосымша ұсыныстар әзірлесін, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Премьер-министр Үкіметтің басты міндеті инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру екенін айтқан болатын.