Олжас Бектенов: Басты міндет – инфляцияны 10%-дан төмен деңгейде ұстап тұру

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 9 айдың қорытындысында жылдық инфляция баяулап, 9,3 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Үкімет отырысы
Фото: Үкімет

- Жыл соңына дейін 2,5 ай уақыт қалды. Мұнай секторының төмендеуіне қарамастан, биыл еліміздің экономикасы 4,2%-ға өсті. Бұл ретте шикізаттық емес сектор экономикалық өсімнің негізгі факторы болып қалып отыр. Атап айтқанда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында оң динамика қалыптасты. Бұлардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі шамамен 80,5%-ды құрайды. Аталған бағыттарда өсу әлеуеті бұдан да жоғары, сондықтан қолда бар резервтерді толық іске қосу қажет. Оны өңдеу өнеркәсібі, ақпарат, байланыс, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы жоғары инвестициялық белсенділіктен, сондай-ақ шикізаттық емес экспорт көрсеткіштерінен де байқауға болады, - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, озық қарқынмен өскен экспорттың арқасында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында төлем балансының ағымдағы шотында 2,4 млрд доллар көлемінде профицит қалыптасты.

- Экономикалық өсім барынша теңгерімді әрі сапалы сипат алып келеді. Бұл еліміздің өндірістік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін негіз қалыптастырып отыр. Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді жұмысы инфляциялық қысымды төмендетуге мүмкіндік берді. 9 айдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция баяулап, 9,3%-ды құрады. Биыл басты міндет – инфляцияны 10%-дан төмен деңгейінде ұстап тұру, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін республикалық бюджет кірістерінің өсуіне қандай факторлар әсер еткенін жазған едік.