Премьер-министр үш қаланың жылу беру мәселесін жедел шешуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов үш қаланың жылу беру мәселесін жедел шешуге тапсырма берді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Бірқатар өңірде жөндеу жұмыстары толық аяқталған жоқ. Аталған өңір әкімдері жылу беру мәселесін тікелей бақылауға алсын. Семей, Степногор және Петропавл қалаларында жылу жүйесін іске қосуға баса назар аудару қажет. Жылу беру маусымы бойынша бақылау мен үйлестіру Нұрлыбек Нәлібаевта (Премьер-министрдің бірінші орынбасары), — деді Үкімет басшысы.

Еске сала кетсек, жылу беру маусымына дайындық барысы 16 қыркүйекте Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралған болатын.

14 қыркүйекте Павлодарда жылыту маусымы басталды.