Премьер-министр жыл соңына дейін жаңа вагондарды жеткізуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM – Stadler компаниясының жаңа вагондарын жеткізуді бұдан әрі кешіктіруге болмайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

Фото: Үкімет

- Соңғы бірнеше жыл бойы теміржол инфрақұрылымының дамуы негізінен іске асырылып жатқан жобаларды аяқтауға бағытталып келді. Вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту жоспарлары айқындалды. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажет. Осы орайда, жүк ағындарын Қазақстан аумағы арқылы қайта бағыттауға мүмкіндік беретін халықаралық терминал желісін кеңейту керек. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, 2027 жылдың 1-ші шілдесіне дейін Астана қаласында, сондай-ақ шетелдік Алят, Свислочь және Селятино қалаларында терминал желісін жүзеге асыруды аяқтауға тиіс. Бұдан бөлек Будапешт, Чэнду және Констанца қалаларында іске асыруға кірісу қажет. Бұл жобалар еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді, - деді О.Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жолаушылар тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтты.

- Stadler компаниясының жаңа вагондарын жеткізуді бұдан әрі кешіктіруге болмайды. Өнеркәсіп министрлігі «Қазақстан темір жолы» және Stadler компанияларымен бірге техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушылар вагондарын барынша қысқа мерзімде жеткізуі қажет. Осы жылдың соңына дейін жаңа 215 локомотив пен 1,5 мыңға жуық жүк вагоны мен жолаушылар вагондары теміржол желісіне шығуға тиіс. Сондай-ақ биылғы 1-ші қыркүйекке дейін отандық өндірістің 13 мың жүк вагоны мен 500 жолаушылар вагонын сатып алу бойынша бес жылдық бағдарламаны бекіткен жөн, - деді Премьер-министр.

Әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Қытай, Жапония, Еуропалық Одақ көлік саласында цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Олар пойыздардың қозғалыс кестесін оңтайландыруға, бос тұрып қалу уақытын қысқартуға, өткізу қабілетін және желіні күтіп-ұстау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал жөнделіп жатқанын жазған едік.