Вокзалдарды жаңарту: жоспар қалай іске асып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – 754 шақырым жаңа теміржол салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлім етті.

ыв
Фото: Астана әкімдігі

- Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды «Теміржол вокзалдарын жаңғырту» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында еліміздің барлық өңіріндегі 124 вокзал қамтылған. Қосымша жергілікті мемлекеттік органдар вокзал маңындағы алаңдарды жөндеп жатыр. Алғашқы 30 вокзалды биылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға береміз, - деді Н. Сауранбаев.

Оның айтуынша, теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында 754 шақырым жаңа жол салынып, 3 мың шақырым жолда модернизациялау жұмыстары аяқталуға жақын. Нәтижесінде тасымалдау мүмкіндігі мен транзиттік әлеует артады.

- Теміржол желісінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру үшін бірқатар жаңа жобаны ұсынамыз. Олардың қатарында Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолды салу бар. Сондай-ақ Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарында модернизация жоспарланған, - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, 2030 жылға дейін жолаушылар вагондары 90 пайызға дейін жаңарады.