Премьер-Министрдің орынбасары мұнай бағасының төмендеу мүмкіндігіне түсінік берді

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Егер мұнай бағасы айтарлықтай төмендесе, кейін ол күрт көтеріледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлім етті.

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер мұнай бағасының төмендеуі мүмкіндігі туралы сұрады.

«Әрине, пессимистік сценариді де қарастырып отырмыз. Оның аясында мұнай құны барреліне 60 долларға дейін түсуі ықтимал... Менің ойымша, келер жылдың бірінші тоқсанында жағдай түсінікті болады, яғни сол кезде Америкада жаңа әкімшілік келіп, өзінің экономикалық іс-шараларын жариялайды. Бұл ретте түрлі сарапшылар «сауда» соғыстары болатыны жайында тұжырым жасап отыр. Америка экономикасының ішкі дамуына баса назар аударылады деген пікірлер бар», - деді Н. Байбазаров.

Оның сөзіне қарағанда, мұнай бағасына саяси жағдайлар әсер етеді. Дегенмен бұл салада әр тарап ұстанатын тиісті баланс бар.

«Біз осындай жағдайларды бастан өткердік. Тарихқа көз жүгіртсек, егер мұнай бағасы айтарлықтай төмендесе, кейін ол күрт көтеріледі. Өйткені оны өндіру керек, ол үшін мұнай кен орындарына үнемі инвестиция салу қажет. Инвестициясыз сала тұралап қалады. Ал инвестиция үшін теңдестірілген мұнай бағасы қажет. Осының бәрін ескере отырып, барреліне 75 доллар шамасындағы дәлізде қаламыз деген ойдамын», - деді министр.

Қараша айының басында АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жеткеннен кейін әлемдік қор нарықтарында өсім байқалды.