— Сіздер қоғамда «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын кеңінен дәріптеуге белсене атсалысып келесіздер. Сол арқылы халқымыздың болмыс-бітімін және санасын жаңғыртуға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Алдағы уақытта да ақпарат саласының мамандары ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгін Президент Қазақстан Республикасының журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін медиа саласының үздік мамандарына жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойды. Марапатталған азаматтардың арасында саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған ардагер қызметкерлер де бар.
— Осы тұста ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген майталман диктор Зұлқия Жұматованы ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құрметтейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұқанқызына «Құрмет» орденін табыстау туралы шешім қабылдадым, — деді Қ. Тоқаев.
Зұлқия Мұқанқызы Жұматова 1920 жылдың 20 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол Алматы телестудиясы ашылған 1958 жылы дикторлыққа жарияланған конкурсқа қатысқан және сол кездегі режиссер Шәкен Айманов Зұлқия Мұқанқызын дикторлыққа 750 үміткердің ішінен таңдап алған. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған ардагер жазушы Мұхтар Әуезовтің көзін көріп, сұхбат алған.
— Сондай-ақ қазір ортамызда отандық медианың мәртебесін арттырып жүрген тәжірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, 28 маусым — БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер қауымын құттықтады.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды.