Жиында Президент ғылымның ел дамуындағы айрықша рөлін атап өтіп, осы салада елеулі еңбек етіп жүрген ғалымдарды марапаттады.
Атап айтқанда, ғылымдағы жетістіктері үшін «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» КеАҚ зертханасының жетекшісі Сәрсенбек Монтаев «Парасат» орденімен наградталды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің үш жас ғалымына пәтер кілттерін табыстады.
Олар – университеттің Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы, «Өсімдік шаруашылығы» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, PhD Рахия Елназарқызы, «Азық-түлік өнімдерін өндіру» бағыты бойынша қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, PhD Эльмира Базылханова, сондай-ақ «Электрмен жабдықтау» бағыты бойынша аға оқытушы, PhD Артур Ногай.
Рахия Елназарқызының айтуынша, көрсетілген құрмет ғылыми қауымдастық еңбегіне берілген жоғары баға мен ерекше ілтипаттың көрінісі.
– Ғылым – дамушы мемлекеттің берік іргетасы, ал ғалымдар елдің басты стратегиялық ресурсы болып қала береді, – деді ол.
Айта кетейік, Алматыда балаларға арналған алғашқы ғылым музейі ашылады.