Депутат өзінің Үкімет кабинетінде министр болып жұмыс істеген жылдарын еске алды.
— Мен Үкіметте жұмыс істегенде де, кез келген уақытта Мемлекет басшысының қабылдауына барғанда, Президенттің ең алғашқы қоятын сұрағы — ұстаздарды қорғау және қолдау жайлы болатын. Расында да жеті жылдың ішінде білім саласында ұстаздарға қатысты үлкен оң өзгерістер қабылданды. Өйткені бұл — Мемлекет басшысының өзінің шынайы ықыласы, шынайы ойы. Бүгін де Президент бөлек тоқталып, ерекше жылулықпен ұстаздарды қорғау туралы айтты, — деді депутат Құрылтай кулуарында.
А. Аймағамбетов бұрын тек қана қағазбастылық туралы айтылса, қазір оған қосымша түрлі ақпараттық жүйелер пайда болғанын атап өтті.
Оны интеграция арқылы басқа мемлекеттік органдардан жинаудың орнына сол педагогтерге, сол сынып жетекшілерге, сол мұғалімдерге тапсырма беріліп, жеке деректер жиналып жатыр.
— Ұстаздар сабақ бере ме әлде жеке дерек жинап, ата-анадан сөз ести ме? Президент бүгін осы мәселені көтерді. Енді Құрылтай депутаттары бастамасымен әзірленген жаңа заң жобасында да бұл мәселе қамтылады. Екіншіден, Мемлекет басшысы мұғалімдерге дөрекі сөйлеу, олардың қадір-қасиеті жөнінде де өз ойын айтты. Мұның барлығы — мұғалімдерімізге деген қамқорлық, — деді Асхат Аймағамбетов.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұстаздың білім беруіне кедергі келтіретін басы артық жұмыстарды доғару керегін айтқан еді.