Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясы сессияларына қатысқан кездегі бірегей суреттер
АСТАНА. KAZINFORM – Президент архиві Kazinform агенттігіне 1990 жылдардың соңында еліміз БҰҰ Бас ассамблеясы сессияларына қатысқан кездегі эксклюзив кадрларды ұсынды. Архив ұсынған суреттерде сол кездегі еліміздің Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеленген.
Атап айтқанда, суреттің бірі 1997 жылдың 30 қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясының Нью-Йоркте өткен 52-сессиясында, екіншісі 1999 жылдың 24 қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясының 54-сессиясында түсірілген. Бұл сессия да Нью-Йоркте өтті.
Кейінірек, 2011 жылдың наурызында Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатиялық миссиясын халықаралық деңгейде жалғастырып, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметіне тағайындалды әрі ұйымның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры болды.
Естеріңізге сала кетсек, 9 қыркүйекте БҰҰ бас ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясы жұмысын бастады. Халықаралық ұйым 80 жылдың ішінде соғыстан кейінгі бітімгершіліктен жаһандық гуманитарлық миссияға дейінгі жолдан өтті.
Айта кетейік, 21 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары басталды. Сапар аясында Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-ші сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөз сөйлейді.