Президент атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қазақстанның атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын бекітті.

Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі

ҚР Президентінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі №1233 Жарлығына сәйкес қабылданған құжат Атом энергиясы жөніндегі агенттік тарапынан әзірленген. Стратегия атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен басым бағыттарын айқындайтын ұзақ мерзімді бағдарламалық құжат болып табылады.

Құжат елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, орнықты экономикалық өсуді қолдауға, халықаралық климаттық міндеттемелерді орындауға, сондай-ақ жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар Қазақстанның жаһандық ядролық саладағы ұстанымын нығайту көзделген.

– Стратегия атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, тәсілдерін және басым бағыттарын айқындайтын ұзақ мерзімді бағдарламалық құжат болып табылады. Ол елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, орнықты экономикалық өсуді қолдауға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған, – делінген құжатта.

Стратегия аясында атом саласын дамыту сегіз негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олардың қатарында атом электр станцияларын салу және қауіпсіз пайдалану, уран ресурстарын тиімді игеру, ядролық ғылым мен технологияларды дамыту, радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу, ядролық қауіпсіздікті күшейту, ұлттық өндірісті дамыту, кадр даярлау және цифрлық шешімдерді енгізу бар.

– Стратегияны іске асыру Қазақстанда әлемдік ядролық экожүйеге интеграцияланған заманауи және орнықты ядролық кластерді қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтілген.

Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бірінші АЭС жобасын іске асыру басталған, екінші станция құрылысы қаралуда, ал үшінші АЭС үшін шағын модульдік реакторлар технологияларын қолдану мүмкіндігі зерттеліп жатыр.

– Бұл құжат елдің энергетикалық және технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды элементіне айналып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады, – делінген стратегияда.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан атом энергетикасын дамыту үшін қандай технология қолданатыны хабарланды.