Қазақстан 2027 жылы бес спорт түрінен әлем чемпионатын өткізеді – Президент

АСТАНА. KAZINFORM – Спорт мемлекеттің жаһандағы абыройы мен беделінің көрсеткіштерінің біріне, қоғамдық дипломатияның құралына айналды. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары және Азия параойындарының жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы спорттың осы әлеуетін толығымен пайдалану қажет екенін жеткізді.

– Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеді. 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионатын өткіземіз. Яғни елордада жоғары деңгейде бірқатар дода ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі ұйымдастырылады. Көктемде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтеді. Бұл бүкіл әлемдегі кәсіпқой футболшылар мен футболсүйер қауымның қызығушылығын тудырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұндай ауқымды, жұртшылық назарындағы спорттық іс-шараларды ұйымдастыру салалық министрлік пен федерацияның, жалпы Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетінің бірлесе аянбай жұмыс істеуін талап етеді. Өйткені мұнда Қазақстанның абырой-беделі сынға түседі.

– Бұл жарыстардың бәрі еліміздің имиджін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді, отандық спорт мектебін дамытуға қызмет етеді. Биыл елордамызда Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің Конгресі (WADA – World Anti-Doping Agency) өтеді. Қазақстан таза, допингсіз спортты ілгерілету, озық халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізу үшін күш салуға әзір. Спорттағы адал бәсекелестік қағидаттары мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының негізіне айналған әділеттілік идеясына толығымен сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Ақордада Президент Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындары аяқталады. Қазақстан құрамасы 84 медаль (12 алтын, 24 күміс және 48 қола) олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.

Ал Азия Параойындарында Қазақстан 50 медаль жеңіп алып, үздік ондыққа енді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын айтқан еді.