Санаэ Такаичи Жапонияның премьер-министрі қызметіне қайта сайланды
АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбі, 18 ақпанда биліктегі Либерал-демократиялық партияның (ЛДП) жетекшісі Санаэ Такаичи Жапония Парламентінің негізгі төменгі палатасында өткен дауыс беру кезінде премьер-министр болып қайта сайланды, деп хабарлайды Kazinform.
Бүгін Такаичи өзінің жаңа кабинетінің тағайындалуы туралы жариялауы тиіс. Оның барлық министрлері өз қызметтерін сақтап қалады деп күтіліп отыр.
Сәрсенбі күні кешке премьер-министр өзінің «жауапты, бірақ агрессивті» фискалдық саясатын және сайлау науқаны кезінде ЛДП уәде еткен азық-түлік тұтыну салығын екі жылға тоқтата тұру жоспарын түсіндіру үшін баспасөз мәслихатын өткізеді.
- Бұдан басқа, консервативті саяси ұстанымы мен қауіпсіздікке қатысты қатал көзқарастарымен танымал Такаичи ЛДП-ның ұзақ мерзімді мақсаты болып табылатын конституциялық түзетулер бойынша жұмыс істеуге дайын екенін білдірді, - деп жазды Kyodo.
Алайда бас заңды қайта қарау үшін қатаң процедуралық талаптар орнатылған: ұсыныстарды олар ұлттық референдумға шығарылмас бұрын парламенттің екі палатасы депутаттарының үштен екі бөлігі қолдауы керек.
Еске сала кетсек, қаңтар айында Жапония премьер-министрі парламенттің кезекті сессиясының басында Жапония парламенттің төменгі палатасы – Өкілдер палатасын таратты.
Ақпан айының басында премьер-министр Санаэ Такаичи басқаратын Жапонияның билеуші Либерал-демократиялық партиясы (ЛДП) парламенттің төменгі палатасына кезектен тыс сайлауда 465 дауыстың үштен екісін иеленіп, тарихи жеңіске жетті.