Президент: Байқоңыр — Қазақстан мен Ресей әріптестегінің жарқын символы

АСТАНА. KAZINFORM — Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстан мен Ресейдің халықаралық ғарыш нарығындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары аясында айтты.

Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ынтымақтастық әлі де перспективалы бағыт ретінде көрінетінін атап өтті.

— Байқоңыр ғарыш айлағы көптеген жыл бойы жемісті ғылыми-техникалық әріптестіктің жарқын символы болып келеді. «Бәйтерек» бірлескен жобасын жүзеге асыру, соның ішінде жаңа «Сұңқар/Союз-5» зымыран тасығышының жуырдағы сәтті ұшырылымы елдеріміздің халықаралық ғарыш қызметтері нарығындағы орнын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында РФ президентімен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Айта кетейік, 27-29 мамыр күндері Ресей Федерациясы президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтіп жатыр. Мемлекеттер басшылары бұл сапарда Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алды.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Қазақстан аумағында жолбарысты қайта жерсіндіру ісінде қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.