Президент: Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт

АСТАНА. KAZINFORM – Өскелең ұрпақты өткенге өкпе артатын көзқарастан арылтып, талапты, білімпаз, жаңашыл әрі еңбекқор азамат етіп тәрбиелеу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында айтты.

Фото: Akorda

Мемлекет басшысы ұлы Абайдың «Адам баласының ең жаманы – талапсыз» деген сөзін мысалға келтірді.

– Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр. Тағы да айтып кетейін. Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұндай теріс түсініктерден өскелең ұрпақты қорғауда білім беру саласына үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

– Сондықтан ұстаздарымыз ең алдымен ойы таза, ниеті түзу, жақсылыққа, жарқын болашаққа сенімі зор жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс. Отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты, еңбекқор адамдар елдің көшін алға бастайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жастардың бойынан осы қасиеттерді көретінін айтты.

– Риза болатыным: мен осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойынан анық көремін. Жастарымыз әрдайым жақсылыққа ұмтылады, еліміздің келешегіне зор сеніммен қарайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы нағыз отаншылдықтың негізі – табанды еңбек екенін де атап өтті.

– Нағыз отаншылдық дегеніміз – жемісті, табанды еңбек. Әр саладағы еңбек маңызды, оның жаманы немесе ұлтқа зиян әкелетіні болмайды. Еңбек – ең жоғары деңгейдегі қасиетті дүние. Ал, мемлекеттің міндеті – осындай еңбекқор адамдарға лайықты құрмет көрсету, оларды марапаттау. Алысқа көз тігетін жасампаз ұлттың шынайы болмысы осындай болады, – дейді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент 7 мың бала қант диабетіне шалдыққанын айтып, фаст-фуд жарнамасын мұқият зерделеуді тапсырған еді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіде тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын Құрылтайда қарауды ұсынып, балаларға арналған SIM-карталарды енгізуді тапсырды.