Президент: Қазақстан адам капиталына басымдық беріп, нақты стратегиялық таңдауын жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан адам капиталына басымдық беріп, нақты стратегиялық таңдауын жасады. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Фото: Ақорда

- Дүние жүзі елдің мәртебесі мен орны зияткерлік қуатына және инновациялық қабілетіне қарап анықталатын жаңа кезеңге қадам басты. Жаһанда таланттар мен технологиялар үшін бәсекелестік күшейді. Осындай заманда Қазақстан адам капиталына басымдық беріп, нақты стратегиялық таңдауын жасады. Яғни, біз, ең алдымен, отандық және шетелдік білікті маманды жоғары бағалаймыз, - деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа Конституциямызда білім, ғылым және инновацияны ұлтымыздың келешек дамуының стратегиялық діңгегі ретінде бекітілгенін айтты.

- Бүгінгі форумға қатысып отырған ардақты ғылыми қауым өкілдері, университеттер басшылары мен халықаралық серіктестер біздің жаңа стратегиямызды мұқият саралап, асқақ мұратымыздың жаңашыл рухын лайықты түрде бағалайтынына сенімдімін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту — заман талабы. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.