Президент: Қазақстан Иранды бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елі әрдайым Иранды қолдайды, арамызда ешқандай түйткіл, иә болмаса, шешілмеген мәселе жоқ екенін айтты.
— Аса құрметті Президент мырза, Қазақстанға қош келдіңіз! Елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Қазақта «Көрші тату болса — құт» деген жақсы сөз бар. Екі елді қарт Каспий байланыстырады. Қазақстан Иранды жақын әрі бауырлас көрші, Орта Шығыстағы сенімді серіктес деп біледі. Біз қашанда Иранға тілеулеспіз. Қиындықтарға қарамастан қарым-қатынасты үзген жоқпыз. Қазақ-иран байланысының тамыры тереңде жатыр. Қос халықтың тарихы — ортақ, салт-дәстүрі мен мәдениеті — ұқсас. Ықпалдастығымыз ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр. Қазақ елі әрдайым Иранды қолдайды, арамызда ешқандай түйткіл, иә болмаса, шешілмеген мәселе жоқ. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор. Қазақстан мен Иран арасында сындарлы саяси диалог қалыптасқан, үкіметтеріміз бірлесіп жұмыс істейді. Өзара уағдаластықтарымыз орындалуда, парламентаралық байланыс та нығайып келеді. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс жылдан жылға күшейіп келеді. Биылғы 10 айда көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға артты. Бұл — әрине, өте жақсы жетістік. Бірақ осы қарқынды тоқтатпай, өзара сауда көлемін ұлғайта түсу қажет, — деді Президент.
Өз кезегінде Масуд Пезешкиан екі елдің саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.
— Тарихы терең, мәдениеті бай бауырлас, достас Қазақстанға келгеніме қуаныштымын. Көптеген бағытта ынтымақтастығымыз қарқынды түрде дамып келеді. Үкіметтеріміз нәтижелі жұмыс атқаруда. Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор деп ойлаймын, — деді Иран Президенті.
Бұдан бұрын Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алғанын жазғанбыз.