Президент Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісін қабылдады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Файсал Әл-Кахтаниді қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Тақ мұрагері, Сауд Арабиясының Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың екі елдің сан қырлы ықпалдастығын ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін айрықша атап өтті. 

– Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман – шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы мықты әрі беделді көшбасшы. Оның өз Отанын өркендетуді көздейтін көреген әрі прогрессивті стратегиясы, сондай-ақ халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде атқарған рөлі ең жоғары баға мен құрметке лайық, - деді Қазақстан Президенті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхаммед бен Салманды Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын растады.  

Фото: Ақорда

Файсал Әл-Кахтани өз елінің Қазақстан Республикасымен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейіл екенін айтты. 

Ол жақында қол қойылған Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім, сондай-ақ екі ел арасында Координациялық кеңес құру тиімді байланыстарды жандандыруға жол ашатынына назар аударды. 

Бұдан бөлек, дипломат Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан Президентінің көрсеткен жан-жақты қолдауына Сауд Арабиясы басшылығының шынайы ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстанның бітімгерлік келіссөздерді киелі Түркістан шаһарында өткізу туралы бастамасының өзекті екеніне тоқталды.  

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың тұрақтылығын, қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету әрекеттеріне алдағы уақытта да жәрдемдесуге әзірлігін, сондай-ақ Сауд Арабиясына және Шығанақтағы барлық елдерге тілектестігін білдірді.  

Кездесу соңында Президент Қос Киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және Тақ мұрагері, Премьер-министр Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа ыстық ықыласы мен сәлемін жолдап, бауырлас Сауд Арабиясы халқына бақ-береке тіледі. 

Бұған дейін Президент «Русская медная компания» негізін қалаушы Игорь Алтушкинді қабылдағанын хабарлаған едік.