Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол Президент сайлауын мезгілінен бұрын өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.
«Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 28 жыл ішінде Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы қарқынды дамыды, білім мен мәдениет саласы да зор табыстарға жеткен бірегей тұрақты мемлекет болып қалыптасты. Нұрсұлтан Назарбаев Президент лауазымынан өз еркімен бас тартып, өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдағаннан кейін, Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес, бұл жауапты міндетті Парламент Сенатының төрағасы орындайды. Ол осы қызметті жаңа Президент сайланғанға дейін атқарады. Сол себепті қазіргі уақыттағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі, яғни 2019 жылдың 9 сәуіріндегі Қазақстан халқына үндеуінде айтқан Президент сайлауын мезгілінен бұрын өткізу туралы шешімін қолдаймын», - деді Нұрғиса Дәуешов.
Өнер саласының өкілі Президенттің бұл шешімі еліміздің болашақтағы бағыт бағдары үшін аса маңызды екенін жеткізді.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл шешімі еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалу үшін және бейбітшілік пен бақытты болашақ үшін жасалған тарихи шешім деп ойлаймын», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Ақорда осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.
Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне кепілдік беретінін айтты.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.