— Бүкіл ел азаматтық инфрақұрылымды түбегейлі жаңғыртуға және қайта құруға кіріседі. Алайда стратегиялық маңызы зор бұл міндетті шешуде тек мемлекеттік ресурстарға ғана сүйенуге болмайды. Әйтпесе, кәсіпкерлік белсенділік төмендеп, патернализмнің, яғни масылдықтың дәні (бұл жолы экономикада) себіледі. Оның салдары бәрімізге белгілі, — деді ол.
Мемлекет басшысының сөзінше, Үкімет ұзақ мерзімді қаржыландырудың барлық көздерін жұмылдыруы керек.
— Бұл мәселені заң талаптарын бұзбай, мемлекетіміздің игілігіне шешу жолдарын қаржы қауымдастығымен бірлесіп пысықтау қажет. Қабылданып жатқан шешімдердің логикасы қарапайым: мемлекеттік қаражат жеке инвестицияларды тартуға кепіл болуы тиіс, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Президенттің Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы тиіс деген мәлімдемесін жариялағанбыз.