ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Катонқарағай ауданында салынып жатқан жаңа әуежай құрылысының 80 пайыздан астамы аяқталды.
Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағы толық дайын. Мамандар әуежайды қажетті жабдықтармен жарақтандыру, жолаушылар терминалы мен техникалық нысандардағы жұмыстарды аяқтау үстінде.
2027 жылдың ақпан айында әуежайды сертификаттау рәсімін бастау жоспарланып отыр. Ал әуе айлағын туристік маусым басталғанға дейін пайдалануға беру көзделген.
- Әуежайдың асфальтбетонмен қапталған ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200-2 260 метр, ені 35 метр. Әуежай сағатына 150 жолаушыға дейін қызмет көрсете алады. Сондай-ақ Bombardier Q400 және ATR-72 секілді орташа сыйымдылықтағы заманауи турбовинтті ұшақтарды қабылдауға қауқарлы болады. Жаңа әуежайдың ашылуы Катонқарағай ауданына жетуді жеңілдетіп, туризмнің дамуына серпін бермек, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бұған дейін Зайсан әуежайында сертификаттау рәсімі басталғаны хабарланған.