Зайсан әуежайында сертификаттау рәсімі басталды
АСТАНА. KAZINFORM- Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов салынып жатқан Зайсан және Катонқарағай әуежайларына барды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Зайсан әуежайында негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, нысанды сертификаттау рәсімі басталды. Ал Катонқарағай әуежайында инженерлік желілерді тарту, ғимараттарды әрлеу және жабдықтарды монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр.
Зайсан әуежайында ұшу-қону жолағының, перронның, рульдеу жолының, кірме жолдардың және негізгі инженерлік желілердің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ жарық-сигналдық және радионавигациялық жабдықтарды орнату жұмыстары тәмамдалды.
Қазіргі уақытта әуежай инфрақұрылымы нысандарының ғимараттарында әрлеу жұмыстары, жабдықтарды монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары жүріп жатыр. Жобаны іске асырудың қорытынды кезеңдерінің бірі – Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жүргізіп жатқан Зайсан аэродромын сертификаттау рәсімінің басталуы.
Катонқарағай әуежайында да ұшу-қону жолағының, перронның, рульдеу жолының және блокты-модульдік қазандықтың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар автомобиль жолын көшіру жұмыстары тәмамдалды.
-Қазіргі уақытта инженерлік желілерді тарту, тазарту құрылыстарын салу, әуежай инфрақұрылымы нысандарының ғимараттарын әрлеу және аэронавигациялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Зайсандағы әуежай құрылысы аяқталуға таяп қалғаны туралы жаздық.