Президент Телерадиокешені 30 жылда 1000-нан астам деректі фильм түсірді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Деректі кино орталығының бас продюсері Әділбек Құламан Jibek Joly радиосына берген сұхбатында айтты.

Фото: Президент Телерадиокешені

Оның айтуынша, орталықтың жұмысы тек деректі фильмдер түсірумен шектелмейді. Сонымен қатар бейнероликтер мен түрлі арнайы жобалар да дайындалады.

— 30 жылда 1000-нан астам деректі фильм түсірдік. Деректі фильмдерді дайындау бар, одан бөлек бейнероликтер, арнайы жобалар, барлығы да біздің жұмысымызға кіреді. Әрбір жасаған жұмысымызға тыңғылықты дайындалу үшін біз алдын ала идеяны ұжым болып ойластырамыз. Одан кейін оның контентті дайындау кезіндегі әртүрлі кезеңдері бар. Сценарий жазу, монтаж жасау, дыбыспен әрлеу — мұның барлығы үлкен ұжымның еңбегі. Сондықтан осы жұмыстың бәрін ұйымдастыруда продюсердің рөлі өте маңызды. Идея туған сәттен бастап жоба толық аяқталғанға дейін продюсердің жұмысы жалғасады, — деді Әділбек Құламан.

Ол деректі фильмнің сапалы шығуы шығармашылық топтың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті. Продюсердің міндеті идеяны жүзеге асырудың барлық кезеңін үйлестіріп, түсірілімнен бастап соңғы монтажға дейінгі үдерісті бақылауды қамтиды.

Бұған дейін Димаштың Нью-Йорктегі тарихи концерті жайлы деректі фильмі көрерменге жол тартатыны жайлы жаздық.