ҚР Президенті Телерадиокешенінің Жапониядағы серіктесі — Jiji Press
ТОКИО. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Жапонияның жетекші ақпарат агенттігі Jiji Press ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Аталған келісім екі елдің ақпараттық саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған және жаңалықтар алмасуға, маңызды оқиғаларды бірлесіп жариялауға, сондай-ақ екі медианың кең аудиториясын жедел, өзекті әрі сенімді ақпаратпен қамту мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Раушан Қажыбаева атап өткендей, «екі елдің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының тығыз ынтымақтастығы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, Қазақстан мен Жапония халқының жақындасуына ықпал етеді».
Өз кезегінде Jiji Press басшылығы өзара серіктестікке қызығушылық танытып, жақын арада Қазақстанға сапармен келуге дайын екенін жеткізді.
2026 жылы тараптар екі елдің туристік, инвестициялық және бизнес әлеуетін ілгерілетуге, сондай-ақ кәсіби тәжірибе алмасуға бағытталған бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырады деп күтіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені — контентті өндіру мен таратудың барлық кезеңін қамтитын, еліміздегі ең ірі тік интеграцияланған медиа компаниясы. Телерадиокешен құрамына Jibek Joly республикалық телеарнасы мен радиосы, Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық телеарналары, «Қазинформ» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі фильмдер орталығы кіреді.
Jiji Press — 1945 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Жапониядағы ең ірі әрі ықпалды ақпарат агенттіктердің бірі. Агенттіктің 20-дан астам шетелдік бюросы бар және Жапонияның барлық префектураларында өкілдіктері орналасқан.
Jiji Press материалдары жапон және ағылшын тілдерінде жарияланып, жапондық және халықаралық аудитория үшін жедел әрі сенімді ақпараттың негізгі дереккөзі саналады. Агенттіктің серіктестері қатарында Agence France-Presse, Reuters, Xinhua және басқа да әлемдік жетекші ақпарат агенттіктері бар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстанның ірі медиақұрылымдары ынтымақтасуға келіскенін жазған едік.