Президент телерадиокешенінің деректі фильмі халықаралық «Еуразия.DOC» фестивалінде арнайы дипломға ие болды

АСТАНА. KAZINFORM – Президенттік телерадиокешен түсірген «Құлалы аралының тұрғыны» деректі фильмі ТМД елдерінің деректі кинофестивалінде арнайы дипломмен марапатталды. Картинаға «Адам мен табиғат бірлігінің поэтикалық бейнесі үшін» дипломы берілді.

Фото: Президент телерадиокешені

Бұл туынды Минскіде өткен мерейтойлық кинофестивальдің негізгі бағдарламасында Қазақстан атынан ұсынылған жобалардың бірі болды. «Құлалы аралының тұрғыны» фильмінің байқау бағдарламасына іріктелуі қазақстандық деректі киноға халықаралық кәсіби қауымдастықтың назар аударып отырғанын көрсетеді.

Фото: Президент телерадиокешені

-Фильм Каспий теңізіндегі Құлалы аралында өркениеттен жырақта өмір сүретін метеоролог туралы баяндайды. Кейіпкердің күнделікті тіршілігі арқылы авторлар оның ішкі әлемін, оңаша өмір сүру туралы саналы шешімін және мінезін қалыптастырған өмірлік сынақтарының сырын ашады, – деп жазылған «Еуразия.DOC» халықаралық фестивалінің баспасөз хабарламасында.

Фильмді Президент телерадиокешенінің түсірілім тобы әзірлеген. Режиссері – Алмас Сәткенов, сценарий авторы – Эльмира Ишмұхамедова, продюсері – Әділбек Құламан, операторлары – Саят Тастанов пен Қанат Еңсебаев, монтаждаушысы – Руслан Айтмамбетов.

Фото: Президент телерадиокешені

«Еуразия.DOC» халықаралық фестивалі ТМД елдерінің деректі кино мамандарын біріктіріп, қоғамдағы өзекті мәселелерге, тарихи оқиғаларға және адам тағдырына арналған фильмдерді ұсынады.

Президент телерадиокешенінің «Құлалы аралының тұрғыны» деректі фильмінің фестивальдің байқау бағдарламасына енуі халықаралық кинофестивальдер алаңында қазақстандық деректі киноға қызығушылық артып келе жатқанын көрсетеді.

Осыған дейін Президент Телерадиокешенінің жаңа деректі фильмі туралы жаздық.