Президент Телерадиокешенінің мамандары мемлекеттік наградалармен марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — 28 маусым — БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ҚР Президентінің Телерадиокешені қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Фото: Ақорда

Отандық журналистика мен телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін Jibek Joly телеарнасының жүргізушісі Айгүл Мүкей «Парасат» орденімен марапатталды.

Фото: Ақорда

Сондай-ақ, Президент Телерадиокешенінің аға телеоператоры Жаңабай Ахметов және Jibek Joly телеарнасы басқарушы директорының орынбасары Айнұр Иманғали «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Фото: Ақорда

— Бұл мен үшін және Jibek Joly телеарнасының ұжымы үшін үлкен құрмет және зор жауапкершілік. Қазір журналистер үшін өте жарқын кезең, дегенмен қиындығы да аз емес. Біз деректер аналитикасымен жұмыс істейміз, жасанды интеллектінің барлық мүмкіндігін белсенді пайдаланамыз. Сонымен қатар өзіміз түсіреміз, монтаждаймыз, редакциялаймыз және материалдарды әлеуметтік желілерде де, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында да жариялаймыз.

 

Дегенмен, бір маңызды жайтты атап өткім келеді. Бүгінгі жас журналистер кітапты көп оқиды. Кеше ғана «Елмен бірге» жобасы аясында өңірлерге іссапармен барып қайттым. Сонда кітапханаға бас сұғып, жастардың да, ересектердің де, зейнеткерлердің де қаншалықты көп оқитынын көрдім. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта кітапханаға келіп, кітап оқитын адамдардың саны екі есеге артқан. Бұл — Сіздің кітап оқитын ұлтты қалыптастыру және кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамаңыздың нақты нәтижесі деп ойлаймын.

 

Алдағы уақытта бүкіл азаматтық қоғамды конституциялық реформалармен байланысты ауқымды өзгерістер мен жаңа міндеттер күтіп тұр. Ал біз, журналистер, қашанда қоғамның алдыңғы шебінде жүреміз. Журналистер еңбегіне көрсеткен сеніміңіз бен құрметіңіз үшін үлкен рақмет, — деді Айгүл Мүкей Ақордада марапаттау рәсімінде.

Бұл — Президент Телерадиокешенінің қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қосқан үлесіне берілген жоғары баға әрі қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызды рөлінің айқын көрінісі.

Айта кетейік, биыл ҚР Президентінің Телерадиокешеніне 30 жыл толып отыр. 1996 жылы Мемлекет басшысының қаулысымен құрылған бұл құрылым тәуелсіз Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде ерекше миссия атқарып келеді. Алғашында Президент қызметін ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ететін арнаулы ресурс 30 жылда ірі медиахолдингке айналып, елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен тарихи жадын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.

ҚР Президентінің Телерадиокешені — Қазақстандағы ең ірі медиакомпаниялардың бірі. Ол контент жасау, өңдеу және тарату жұмыстарын толықтай өзі атқарады және оны теледидар, радио, интернет сияқты барлық платформаларда ұсынады.

Бүгінде Телерадиокешен құрамына: Jibek Joly республикалық телеарнасы мен радиосы, Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.