Президент Теміртаудағы жаңартылған трамвай жүйесімен танысты

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртаудағы қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесімен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы трамваймен Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп өтіп, атқарылған істің сапасын және жаңартылған көлік инфрақұрылымының пайдалануға толығымен әзір екенін көрді.

Фото: Ақорда

Qarmet компаниясы трамвайды қала халқының игілігіне екі жыл бұрын берген болатын. Содан бері аталған қоғамдық көлік қатынасы 1 миллионнан аса жолаушыны тасымалдаған.

Фото: Ақорда

Қалада трамвайға арналған 30 шақырым шойын жол қалпына келтіріліп, ауыстырылды. Жаңадан заманауи 8 вагон сатып алынды. Бұл трамвайдың кестеге сәйкес тұрақты жүруіне мүмкіндік берді.

Фото: Ақорда

Рельсті көлікте жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін электронды төлем жүйесі орнатылған, ал Qarmet кәсіпорнының жұмыскерлері мен ардагерлері тегін жүреді.

Айта кетелік Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барған еді.