Президент Ұлттық қордың ең басты миссиясын атады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы — ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Фото: abai.kz

Президенттің айтуынша, Ұлттық қор көптеген жыл бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосып отыр.

— Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап — осы, — деді Мемлекет басшысы.

Ол кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат ету керегін айтты.

— Келер ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігіміз олардың есепшотында қаржы қалдырумен ғана шектелмейтініне сенемін. Біз ұрпағымызға технологиясы дамыған, экономикасы қуатты әрі бәсекеге қабілетті, инфрақұрылымы заманауи, өмір сүру сапасы жоғары, әр азаматтың өзін танытып, әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін жаңа деңгейдегі ел қалдыруымыз керек. Бұл — біздің басты міндетіміз, тіпті тарихи ауқымдағы миссиямыз десек те болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл — адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция екені де айтылды.

Айта кетейік, биылғы Жолдау «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп аталады.