— Құрметті құрылтай депутаттары! Жаңа саяси маусымның ашылуы баршаңызға құтты болсын! Ауқымды реформалардың арқасында Құрылтай институты өз жұмысына кірісті. Еліміздің өркендеу жолында тағы бір жауапты кезең басталды. Құрылтай депутаттары мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор өзгерістерді ойдағыдай жүзеге асыруға белсене атсалысып, ел дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Себебі біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Былтыр басталған конституциялық реформа аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Биыл наурыз айында Жалпыхалықтық референдум өтті. Халқымыз жаңа Конституцияны бір ауыздан қолдап, дауыс берді. Біз біртұтас қоғам болып, ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай сайлауын өткіздік. Заң шығарушы органның құрамын толық жасақтадық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент Конституцияның 46-бабына сәйкес Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Вице-президентін және Премьер-министрін тағайындайтынын еске салды.
— Аталған қызметтерге лайық деп танылған кандидатураларды өздеріңізбен келісіп алуымыз қажет. Ең алдымен, Вице-президент кандидатурасы бойынша ақылдасуымыз керек. Мен осы лауазымды Конституцияға енгізудің маңызы жөнінде бұған дейін де айттым. Вице-президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарады. Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Вице-президент құрылтай депутаттарымен және үкіметпен тығыз жұмыс істейді. Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады. Мен бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынамын. Ерлан Қарин — елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын. Вице-президент тағайындалған соң мен оның өкілеттігі туралы жарлыққа қол қоямын, — деді Мемлекет басшысы.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Құрылтайда Вице-президент лауазымына кандидатураны ұсынғанын жазғанбыз.