Президент жаңа заңға қол қойды: қазақстандықтар үшін не өзгереді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Құжат цифрландыруды одан әрі дамытуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Ақорда

Заң аясында Қазақстан Республикасының бірқатар кодекстері мен заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Құжаттың негізгі бағыттарының бірі - ұшқышсыз көлік пен әуе мобильдігін заңнамалық тұрғыдан реттеу. Атап айтқанда, «ұшқышсыз автокөлік құралы» және «ұшқышсыз әуе кемесі» ұғымдары енгізіліп, оларды пайдалану тәртібі мен қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру тәсілдері айқындалады.

Түзетулер жол инфрақұрылымын басқарудың тиімділігін арттыруға, жол жөндеу және құрылыс жұмыстарын жоспарлау мен қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ автомобиль жолдары саласына цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту үшін көлік құралын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтар туралы мәліметтер диагнозы жария етілмей-ақ ішкі істер органдарының цифрлық дерекқорларына енгізіледі. Бұдан бөлек, жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін камераларды жедел жәрдем көліктері мен автобустарға орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ құжат жүргізушілерді даярлайтын ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылау енгізуді көздейді. Автомектептердің жұмысы рұқсат беру тәртібі арқылы реттеліп, оқу процесін ақпараттық жүйе арқылы бақылауға арналған арнайы тізілім қалыптастырылады.

Маңызды нысандардың киберқауіпсіздігі

Түзетулердің жеке бір блогы киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелеріне арналған. Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік органдарының цифрландырудың аса маңызды объектілерінде киберқауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтіледі.

Еңбек заңнамасы қызметкерлердің киберқауіпсіздік талаптарымен таныс болуын және сақталуын қамтамасыз ету үшін ішкі бақылауды жүзеге асыруды талап ететін нормалармен толықтырылып отыр. 

Сонымен қатар заңнамаға дербес деректердің идентификаторлары, деректерді иесіздендіру және хэштеу сияқты жаңа ұғымдар енгізіледі. Дербес деректерді жинаумен және өңдеумен айналысатын тұлғалардың тізілімі, сондай-ақ дербес деректер қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілері тіркелетін арнайы тізілім құрылады.

Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Ұлттық бейнемониторинг жүйесі енгізіледі.

Заң мемлекеттік қайырымдылық цифрлық платформасын және қайырымдылық ұйымдарының тізілімін құруды да қарастырады. Сонымен қатар көші-қон қауіпсіздігін күшейтуге және мемлекеттік шекараның цифрлық жүйелерін қорғауға бағытталған қосымша шаралар енгізіледі.

Бұған дейін Қазақстанда жаңа зауыттарға берілетін мемлекеттік қолдау тәртібі өзгеретіні туралы жарияладық.