Қазақстанда жаңа зауыттарға берілетін мемлекеттік қолдау тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жұмыс істеп тұрған өндіріс болған жағдайда жаңа зауыттарға мемлекеттік қолдау шектеледі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев машина жасау және көлік салаларын дамыту мәселелері бойынша заңға қол қойды. Құжатта қолданыстағы өндірістер бар болған жағдайда жаңа өнеркәсіптік жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетуге шектеу енгізу, өнеркәсіптік кластерлер құру және арнайы экономикалық аймақтарға (АЭА) қатысушылар үшін жаңа талаптар қарастырылған.
Заң екі кодекс пен 13 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Негізгі жаңашылдықтардың бірі – өндірістік қуаттар теңгерімін бағалау тетігін енгізу. Бұл механизм ішкі нарықтағы сұранысты қолданыстағы кәсіпорындар толық қамтамасыз етіп отырған жағдайда жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге жол бермеуге бағытталған.
Машина жасау саласында отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жетілдіру және өндірістік технологияларды дамытуға бағытталған шаралар көзделген.
Сондай-ақ өнеркәсіптік кластерлер институты енгізіледі. Бұл кәсіпорындарға жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, логистика, инфрақұрылым және кадр даярлау мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді. Атап айтқанда, өнеркәсіптік-инновациялық нысандар салу кезінде қазақстандық тауарларды пайдалануы тиіс. Ал өнім өндіру барысында отандық шикізат пен материалдарды қолдану міндеттеледі.
Сонымен қатар көлік құралдарының құрамдас бөлшектерін өнеркәсіптік құрастыру жөніндегі келісімдерге де өзгерістер енгізілді. Жаңа нормалар Қазақстанда өндірілген шассилерді міндетті түрде пайдалану арқылы автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруды ұлғайтуға бағытталған.
Авиация саласындағы түзетулер қазақстандық әуе кемелерінің шетел мемлекеттерінің әуе кеңістігіндегі ұшуын реттеуді, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес әуе компанияларын ұлттық заңнаманың жекелеген талаптарынан уақытша босату тетігін қарастырады.
Бұл шаралар халықаралық авиациялық қауіпсіздік бағалауынан сәтті өтуге және Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға мүмкіндік беруге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы цифрландыру, деректерді қорғау және пилотсыз көлік мәселелері бойынша заңға да қол қойған болатын.