Президент Жарлығымен Жоғары аудиторлық палатаның құзыреті кеңейтілді

Коллаж: Kazinform/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Жоғары аудиторлық палата туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Құжатқа сәйкес, Жоғары аудиторлық палатаның міндеті мен өкілеттігі нақтыланды. Атап айтқанда, палатаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотқа талап қою құқығы берілді. Бұл құқық бюджетке өтемақы өндіріп алу, жұмысты орындау, қызмет көрсету, тауарлар жеткізу арқылы қалпына келтіруді, сондай-ақ анықталған құқық бұзушылықтар бойынша сомаға есеп жүргізуді және азайтуды, нұсқаманы орындауды қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.

Одан бөлек, Жоғары аудиторлық палата құзыретіне республикалық бюджеттің жобасын оның негізгі шығыс бағыты бойынша алдын ала бағалау енгізілді.

Сонымен қатар, Президенттің «Республикалық бюджеттің жобасын, түзетілген республикалық бюджеттің жобасын оның негізгі шығыс бағыттары бойынша алдын ала бағалау қағидаларын бекіту туралы» Жарлығына өзгерістер енгізілді.

Анықталғандай, облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджет жобаларын олардың негізгі шығысы бойынша алдын ала бағалау қағидалары Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ревизиялық комиссиясы тарапынан жобаларды алдын ала бағалау тәртібін айқындайды.

Бюджет жобасын бағалау барысында облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті жобасының жоспарлы кезеңге арналған көрсеткіштің негізділігіне, бюджеттік жобаны әзірлеуге арналған нормативтік құқықтық және әдістемелік базаның бар болуына және жеткіліктілігіне талдау жүргізу, сондай-ақ ревизиялық комиссия әзірлеген ұсынымдарымен бірге бюджет жобасын бағалау нәтижесін жергілікті атқарушы органға және тиісті мәслихатқа жолдау көзделеді.

Құжаттар мен материалдардың шынайылығын және негізділігін растау қажет болған жағдайда ревизиялық комиссия бюджет бағдарламалары әкімшілеріне және бюджет процесіне қатысушыларға құжаттаманы және ақпаратты ұсыну туралы талап жолдайды, сондай-ақ бағалау объектісінде немесе мемлекеттік аудитте өткізілген аудиттік және сараптамалық-талдамалық іс-шаралардың материалдарын пайдаланады.

Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті жобасын бағалау қорытындысында көрсетілген ұсынымды орындау бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті бекітілгеннен кейін 30 жұмыс күні ішінде ревизиялық комиссияға жолдайды.

Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша жиын өткізді.