Президент Жолдануына қатысты Қазақстан Құрылтайы үндеу жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Айдос Сарым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша үндеу жасады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ол құжатта қамтылған маңызды бастамалар мен нақты мақсат-міндеттер қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқанын атап өтті.

— Шын мәнінде, Мемлекет басшысының жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы Жолдауы ел тарихының жаңа, сапалы кезеңіне жол ашады және туған Отанымыздың алдағы он жылдықтардағы даму бағытын айқындайды. Оның алғышарттары белгілі. Қазақстан әлемдегі ахуалдың күрделілігіне, болжамсыздығына қарамастан, өткен жеті жылдың ішінде түбегейлі реформаларды батыл жүзеге асырды. Президент Тоқаевтың стратегиялық көрегендігі Қазақстанды халықаралық аренада беделді орта держава және жаһандық диалогтың мойындалған орталығы деңгейіне көтерді. Табанды, ымырасыз өзгерістер логикасы Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстанды құрудың негізіне айналды. Осының бәрі ең алдымен халқымыздың қалтқысыз таңдауының, береке-бірлігі мен ұлттық рухының беріктігінің арқасы деп білеміз. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы — жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы, — деді Айдос Сарым ҚР Құрылтайының үндеуін жариялау кезінде.

Оның айтуынша, Жолдауда алдымызға тарихи міндет қойылып отыр. Ол — бүкіл экономикалық капиталды инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмылдыру.

— Игі бастаманың өзегінде адам мен оның құқығы, қадір-қасиеті және ертеңгі күнге деген сенімі тұр. Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Осы бастаманың аясында бүкіл еліміз бойынша инженерлік, жол-көлік, медициналық және мәдени нысандар бой көтереді. Бұл — коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың бұрын-соңды болмаған жобасы. Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыда жедел дамуына қажетті тетіктер әзірлеу қажеттігіне баса назар аударды. Алдымызда энергетикалық дербестік пен транзиттік тасымалды арттыру, ауыл шаруашылығын жандандырып, елімізді Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналдыру сияқты кешенді мақсаттар бар, — деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Республикасының Құрылтайы Президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын толық қолдайды және оны заңнамалық, сараптамалық және қоғамдық тұрғыда ілгерілетуге бар күш-жігерін жұмылдырады.

— Президенттің Жолдауы халқымыздың талап-тілегімен толық үйлесім тауып отыр. Ендігі міндетіміз — осы іс-шараларды ел болып еңсеру. Ұлы мақсаттар қай кезде де ұлы бірлікті талап етеді. Сондықтан, осындай тарихи сәтте біз әр азаматты, тұтас қоғамды болашақ үшін, мемлекетіміздің өркендеуі үшін бірігуге, игі істерге тізе қосып, атсалысуға шақырамыз, — деді Айдос Сарым.

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бұл үндеу барлық фракция депутаттарының ортақ ұстанымы екенін атап өтті.

Айта кетейік, жақында Үкімет Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасын мақұлданып, тиісті қаулы қабылдады.