Ол бүгінгі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси мәлімдемесін маңызды тарихи оқиға деп бағалады.
«Бүгін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси мәлімдеме жасады. Жасыратын ештеңе жоқ, бұл қазақ елі тарихындағы аса маңызды оқиға. Елде әділ сайлау өтуі керек. Тоқаевтың «әділ өткіземін» дегені жүзеге асса, ел басына қазақ тілін, ұлттық мүдделерді бірінші орынға қоятын азамат келсе жақсы болады. Президентті халық өзі сайласа, қандай тамаша. Нағыз демократия деген сол», - деді Жұмаш Кенебаев.
Айта кету керек, бүгін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.
Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудыңғ ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.