Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу қазан айының соңында аяқталғанын айтты.
— Жобаның негізгі мақсаты — мемлекеттік басқару жүйесіне білімді, жауапкершілікті және жоғары кәсіби білікті жастарды тарту. Ниет білдірген 31 мыңнан астам үміткердің ішінен 7 436 адам іріктеуге қатысуға жіберілді. Алты кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде резервке 50 үздік жас маман қабылданды. Бір орынға 148 адамнан келіп, бұл көрсеткіш 2023 жылғы іріктеумен салыстырғанда 16%-ға жоғары болды, — делінген хабарламада.
Агенттіктің мәліметінше, төртінші іріктеудің басты жаңашылдығы — мемлекеттік аппарат үшін аса сұранысқа ие салалық бағыттар бойынша Резервті қалыптастыру болды. Кандидаттар белгіленген квоталарға сәйкес қабылданды:
- «инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты» бағыты бойынша — 8 адам;
- «агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау» бағыты бойынша — 9 адам;
- «сыртқы саясат және инвестициялар» бағыты бойынша –
8 адам; - «экономикалық және қаржылық саясат» бағыты бойынша –
7 адам; - «цифрландыру» бағыты бойынша — 9 адам;
- «әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам» бағыты бойынша — 9 адам.
Жаңадан қабылданған резервшілердің толық тізімін pkrezerv.gov.kz жобаның ресми сайтынан көруге болады.
Резервке алынған сәттен бастап үш жыл ішінде резервшілер саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына, сондай-ақ «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Президенттік жастар кадр резервінің 1 орнына 148 адам үміткер болғанын жазған едік.