Президенттің АҚШ-қа сапарындағы келісімдер оңтайлы нәтиже береді — сарапшы

Фото: Қазақстан халқы Ассамблеясы

АСТАНА. KAZINFORM — Саясаттанушы Талғат Қалиев Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары мен «C5+1» форматындағы саммитке қатысты пікір айтты. 

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапарына АҚШ-тың өзі мүдделі болды. Атап айтқанда, бұл сапар аясында Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен келіссөз жүргізіп, «Орталық Азия — АҚШ» саммитіне қатысты. Қазіргі жағдайда АҚШ үшін Орталық Азияның маңыздылығы айқын көрініп тұр. Орталық Азиядағы тұрақтылыққа АҚШ мүдделі. Сондықтан олар Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне инвестиция бағыттауға екпін қойып, экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға тырысады, — деді Талғат Қалиев.

Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің келіссөз жүргізудегі мол тәжірибесінің арқасында осы сапардағы келісімдер оңтайлы нәтиже береді.

— Бірқатар маңызды келісім жасалды. Мәселен, Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал етуге арналған келіссөз болды. Еуропаға тура шығуға мүмкіндік беретін осы дәліздің маңызы зор екені түсінікті. Сапар барысында Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы 17 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Енді осы ауқымды уағдаластықты сапалы орындау қазақстандық компанияларға, әкімдер мен Үкіметке қатысты. Атап айтқанда, бұл инвестициялардың толыққанды тартылуына барынша әрекет ету керек. Компаниялардың, әкімдіктердің және мемлекеттік органдар бұл бағыттағы жұмыстарды дұрыс үйлестіруі тиіс. Жалпы, ауқымды келіссөзге қарасақ, бұл сапарды өте нәтижелі болды деп бағалаймын, — деді сарапшы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Орталық Азия — АҚШ» саммитіне қатысты

Қазақстан Президенті Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады