Прокуратура сөзге шебер шешендерді іздейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратура «Тиімді шағымдар қоғамына» бастамақ, деп жазады "Айқын" газеті.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысына арналған Бас прокуратураның алқа мәжілісінде ведомство басшысы Жақып Асанов дәл осылай аталатын жобаны іске асыратындарын жариялады. «Жобаның тұсаукесері кейінірек болады» деді ол. Бас прокурор 6 ай ішінде «80 мектептің» қаржысын қалай қайтарғандарын әңгімелеп берді. 

Өз сөзінде Ж.Асанов «ең басты сұрақ - прокуратура жұмысын қалай жақсарту» мәселелеріне тоқтала келе, «сынға көп не­гіз болатын» бірнеше бағытты саралады. 
- Ең алдымен, кадр мәселесі. Қыз­мет­ке кейде үздіктер емес, іскерлік қабілеті тө­мен, тек өз пайдасын ойлайтын кез­дей­соқ адамдар кіріп жатады. Танысың, кө­кең болмаса, өз күшіңмен бізге орналасу мүм­кін емес деген ой қалыптасты. Баяғы т­а­ғы бір ауру - статистикаға бағыну. Ба­ры­мызды асырып, жаманымызды жа­сы­рып, тек көрсеткіш қуумен жүрміз. Соған еті­міз үйреніп кеткен. Екі цифрды са­лыс­тырып, өсім болса, мәзбіз, төмендесе, қу­лыққа барып, бұрмалаймыз. Про­кура­тураның структурасы да заманға бейім емес. Баяғыша. Жұмысты ұйымдас­ты­ру­дың әлемде түрлі озық технологиялары бар. Соның бірі - жобалық менеджмент. Оған көшсек, әрбір маңызды мәселеге ар­найы команда құрылады. Нақты мақсат қойы­лып, бәрінің күші соған жұмылмақ, - де­ді Жақып Асанов. 
Ол өздерінің «тағы бір үлкен кемші­лі­гі» ретінде өңірлерге аз шығатындарын айт­ты: «Ал ел ішінде бізге сұрақтар көп. Сон­дықтан кесте жасалды. Бас про­ку­ратура басшылары аймақтарда қабылдау жүр­гізбек. Бұл сол жердегі құқық қорғау ор­гандарына да жақсы сілкініс болмақ. Келешекте осы жұмысты жүйелі түрде жүргізбек ойымыз бар».
Жақып Қажманұлы өз қызметтерін статистика түрінде түсіндіре кетті:
- Биылғы жарты жылда прокурорлар 360 мың адамның құқын қорғады. Олар­дың жартысы - балалар. Біздің ықпал етуімізбен 40 мың жұмыскер 4 млрд теңге сомасында жалақысын алды. 2,5 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды, тағы 154 мүгедек мемлекеттік баспана алды. Қызметтік кабинеттерде және уақытша ұстау абақтыларында заңсыз ұсталған 205 адам­ды шығардық. Тергеушілер қамаққа алмақшы болған 2 мың күдіктіні каме­ра­дан босаттық. Біз оларға кепіл қолдандық. 182 сотталған біздің наразылығымыз бойын­ша анағұрлым жеңіл жаза алды. Про­курордың бастамасы бойынша бар­лығы 698 сот актісі түзетілді. Азаматтардың пай­дасына 1 млрд 700 млн теңгеге сот ше­шімдерінің орындалуына қол жеткіздік - деді ол.
Прокуратура органдары жыл басынан бері шағыммен жүгінген 14 мың адамның құқықтарын қалпына келтіріпті. Бұл бұзу­шылықтар бойынша 40 мыңнан астам лауазымды тұлға жазаланды, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа 209 адам тар­тылды. 
Ж.Асанов қызықты санды алға тартты: «Мемлекет мүдделерін қорғауға тоқтал­сақ, 25 млрд теңге тұратын 720 заңсыз мем­лекеттік сатып алудың күші жойылды. Ұлттық қорға 12 млрд қайтарылды. Олар мақсатсыз жұмсалған. Бюджет 45 млрд ал­ды. Заңсыз берілген, жалпы құны 14 млрд теңгелік жерді мемлекетке қайтар­дық. Осылайша, 6 айдағы жалпы қоры­тын­ды - 100 млрд теңге. Бұл қаржыға 600 орын­дық 80 типтік мектеп салуға болады!»
Бас прокурор осындай ауыз толтырып ай­тарлық іс тындырғанына қарамастан, прокуратура қызметкерлерінің қоғам тарапынан неге сынға ұшырайтынын айта келе, оның бірнеше себебін атады. Біріншісі - әлсіз кадрлар. «Көрінгенді алу­дамыз. Бұрынғы прокурор Саметов ескі формасын киіп, бизнесменді 3,5 мил­лионға алдап кеткен. Ал бұл адам бізбен 7 жыл жұмыс істеді. Мұндай адамдар қа­лай­ша қабылданды? Себебі - іріктеу жүйе­сі дұрыс емес» деген Жақып Асанов ен­ді 4 іріктеу құралы іске қосылатынын жет­кізді. Ол бойынша кандидат екі эссе жа­затын болды. Біреуі өмірлік тәжірибесі туралы, екіншісі - берілген тақырыпқа. Сонымен қатар ол «кейстік тапсырма­лар­ды» шешуі керек. Соңында психоло­гия­лық тесттен өтеді. Бұл ретте прокурор болу­­­дан үміткердің интеллектуалдық дең­гейі (IQ, «ай-кюі») анықталады. Сөй­тіп, кандидат туралы толық ақпарат ала­ды. 
Бірақ Бас прокуратура мұнымен шек­телмейді: қазіргі іс басындағы про­ку­рор­лар­ға да талап қойылады. Ж.Асанов «өс­кісі келетін әрбір прокурор тиімді болуға, менеджмент технологиясын игеруге тиіс­тігін» нықтай келе, оларға «Тиімділігі жо­ғары адамдардың жеті дағдысы», «Ораторға 101 кеңес» секілді кітаптарды оқу­ды тапсырды. Академияға осындай әде­биеттердің тізімін жасау және оны ве­домство порталына орналастыру жүк­телді. Мансаптық жылжу да жаңа қағидат бойынша өтеді. Ол үшін мәселен, «30 озық мемлекеттік айыптаушы» секілді пул­дар құрылады. Дәл соларға Бас про­кура­турада, Астанада және Алматыда негізгі лауазымдарға тағайындалуда ба­сым­дық беріледі. 
Бас прокурордың мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 30 000 заңгер оқу б­і­тіреді екен. Оларға Ж.Асанов «көкені із­дестірудің мәні жоқтығын», білімсіз бұл ор­ганға қадам басу мүмкін болмайтынын ес­кертті. Осы орайда кандидаттардың өмір салты назарға алынады: «студенттік жыл­дардан бастап, олардың белсенді аза­маттық ұстанымына, әлеуметтік жо­ба­лар­ға қатысуына басымдық беріледі және ірік­теу кезінде жоғары бағаланады».
Айтқандай, іс басындағы про­курор­лар­дың озат, әлде «екіліктер» екендігі анық­талмақ. «Қызметкер әрбір іс, шағым үшін жеке жауапкершілігін сезінуге тиіс. Әрбір прокуратурада екі тізілім енгізуден бастайық. Біреуі - анық бұзушылық­тар­дың, екіншісі - оң тәжірибелердің т­і­зі­лімі. Өзін көрсеткен, бастама білдірген жә­не үлгі болғандар - «үздіктер» тізілі­мі­не. Ал мемлекеттік айыптауды сапасыз қол­дағандар, істі нашар қарап, шағымға на­шар жауап бергендер - «екіліктер» тізі­лі­міне. Басшылар да қалыс қалмайды, қа­рамағындағылар бойынша бағаланатын бо­лады» деді Жақып Қажманұлы. 
Құзырлы орган енді «өтініштермен жұ­мысқа» баса назар аударуға ниетті:
- Әрбір шағым - бұл жанайқайы. Оны қарауымызға қарай билікке деген се­нім қалыптасады. Әр азамат біздің одақ­тасымызға айналуы керек. Тіпті заң бойынша бас тартуға мәжбүр болғанда да! Барлығы біздің тілімізге және сендіре білуі­мізге байланысты. Күрделі ойлар. Құр­ғақ сілтемелер. Қатаң тіл. Адамдар біз­дің жауаптарымызды түсінбейді. Біз әр­түрлі планетадан сияқтымыз. Ештеңе түсін­бегесін БАҚ-қа, үкіметтік емес және ха­лықаралық ұйымдарға барады. Сон­дық­тан да сын айтуда. Мұны қалай түзе­ту­ге болады? Жауапты түсінікті тілмен беру керек. Тіпті білімі жоқтың өзі бізді оңай түсінуге тиіс. Арыз берушінің бар­лық дәлелдерін нөмірлеу керек және олар­ға дәлел келтіріп жауап беру керек, - де­ді Ж.Асанов.

Айтпақшы, прокуратура қыз­меткерлері арасынан төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, ал нақыл, қомақты ойларымен тыңдағанды таңдай қақтырар шешен адамдар ізделуде. Сөзге шебер, тілге жүйрік бұл азаматтар осы ведомство қызметін бейнелі де көркем сөзбен түсіндіріп, елдің прокуратураға деген сүйкімі мен сенімін арттырулары керек. «Сәуірде Мемлекет басшысы біздің халыққа заңды түсіндір­мейтінімізді айтты. Мойындауымыз керек, бізде халықпен «кері байланыс» жолға қойыл­маған. Сондықтан ораторлар пулын құрдық. Олар өңірлерге шығып жүр. Азаматтармен кездеседі. Сұрақтарға жауап береді және құқықтарын түсіндіреді. Бұл практиканы дамытатын боламыз. Өңірлерде де жергілікті ораторлар қажет!» деді Бас прокурор.
Сөз соңында Жақып Асанов елдегі қылмыстылықтың жай-күйіне тоқталды. Өткен жылмен салыстырғанда ол шамалы төмендепті. Адам өлтіру мен ұрлық 12%-ға қысқарды (тиісінше, 480-нен 423-ке; 6853-тен 6035-ке дейін), бұзақылық пен зорлау үштен бірге азайды (13859-дан 8502-ге дейін; 1382-ден 979-ға дейін). Ал ұрлық 7%-ға өсті (103 150-ден 110 691-ге дейін).
Прокуратура қызметкерлері үшін үлескерлер ісі үлкен жұмыс болып тұр екен. «Көптеген адамдар пәтер туралы армандай отырып, барлық жинағанын жұмсайды. Бірақ оларды алдады. Бұған тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылданды, қатаң шарттар жазылды. Сонда да салушылар жолын тапты: үлескерлік емес, «инвестициялық шарттар» жасаса бастады. Бұл биз­нестегідей, бірақ тұрғын үйді салып бітіру кепілдендірілмейді. Содан 60 проблемалы объекті пайда болды. «Азбука жилья», «Аль-Баракат», «Тамыз» және тағы басқада 9 мың отбасы баспанасыз. Прокурорлар өз тарапынан жедел тергеуді, кінәлілерді жазалауды және залалды өтеуді қамтамасыз етуге тиіс. Қазан айынан бастап жаңа заң күшіне енеді. Ол бойынша енді салушыларға азаматтардың ақшасын тарту тек «үлестік қатысу туралы шарт» бойынша ғана мүмкін болады» деген Бас прокурор өздерінің «Алдаусыз үлестік баспана» жобасын іске қосатындарын мәлімдеді. 
Алқа жұмысының қорытындысы бойынша Жақып Асанов қадағалау және құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар міндеттер қойды. Жер қатынастарын реттеу, еңбек дауларының алдын алу, үлескерлер мен ипотекашылардың құқықтарын қорғау, теріс пиғылды құрылысшылардың қызметіне бақылауды күшейту мәселелері прокурорлардың ерекше назарын талап ететін неғұрлым өзекті проблемалар ретінде белгіленді. Осы жұмыстардың аясында үлескерлік құрылысқа қатысу­шыларды қорғауға бағытталған жаңа заңнамалық өзгерістерді түсіндіру бойынша ауқымды ақпараттық жұмысты ұйымдастыру тапсырылды.
Сондай-ақ экстремистік көріністердің профилактикасына, терроризм қаупін, олардың қоғам мен мемлекетке тигізетін теріс әсерлерін азайтуға бағытталған жүйелі жұмысты қамтамасыз ету жүктелді. Кәсіпкерлікті қорғау саласында мемлекеттік органдардың бизнеске заңсыз араласуынан қорғау кепілдігін қамтамасыз ету, негізсіз тексерістер санын қысқарту міндеті қойылды. Бас прокурор барлық тапсырмаларды тиімді жүзеге асыруды, кемшіліктерді жою, қадағалау органының жұмыс тиімділігінің басты индикаторы болып табылатын халықтың сенімін арттыру бойынша тиісті шараларды қабылдауды талап етті.