Прокурор Айзат Жұманованың күйеуін 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

АСТАНА.KAZINFORM - Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот отырысы Жетісу облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында жалғасты. Тараптар бүгін қорытынды сөзін айтады.

Фото: Айгерім Көппаева/Kazinform

Прокурор Нұржан Билибеков айыптау актісін оқып, былай деді:

- ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Айбар Жанболатты орташа қауіпсіздіктегі түзеу колониясында 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Сондай-ақ, сотталушының сотқа дейінгі қамауда ұстау шарасын күшінде қалдыруды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 98-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотталушы жәбірленушілерге ең төменгі айлық жалақының 30 есесі (117 060 теңге) көлемінде өтемақы төлеуге және сот-медициналық сараптама шығындарын мемлекетке 690 329 теңге көлемінде өтеуге міндеттелді. 

Фото: Айгерім Көппаева/Kazinform

Қайғылы оқиға 2025 жылы маусымның 21-інен 22-сіне қараған түні Ақсу ауданының Баласаз ауылында болды. Айзат Жұманова тұрмыстық жанжал кезінде күйеуінің ұрып-соғуынан қайтыс болды. 

Естеріңізге сала кетейік, сот Айзат Жұманованың өлімі туралы істің онлайн трансляциясына рұқсат бермеді. 

Сот отырысында жаңа мәліметтер анықталды.

Бұған дейін марқұмның анасынан жауап алынған болатын.