Прокурор бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа 7 жыл жаза сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзоваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуі аяқталды. Тараптар жарыссөз кезеңіне өтті.
Жарыссөз барысында прокурор Ерлан Қожағапановқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сонымен қатар бұрынғы министр орынбасары Ерлан Қожағапановты мемлекеттік наградалар мен атақ-дәрежесінен айыру туралы Президентке ұсыныс енгізуді ұсынды.
Ал екінші айыпталушы Ләззат Көккөзоваға прокурор 8 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза тағайындауды сұрап отыр.
Одан бөлек бүгінгі сот отырысында бағалау саласының маманы жүргізген қосымша есептеулер ұсынылды. Қорғау тарапы бұл материалдарды қатаң сынға алып, бағалаушыны істен шеттетуді талап етті.
Еске салайық, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады.
Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған.
Биыл наурыздың соңында Антикор аталған іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады. Сондай-ақ сот қорғаушы және айыптаушы тараптың өтінішін қарастырғаннан кейін қылмыстық іс бойынша елордалық бағалаушылар палатасының маманын тарту туралы қаулы шығарды.
Кезекті сот барысында мамандар 2018 жылдағы форумды ұйымдастыру және өткізу үшін ұсынылған тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын бағалайтыны айтылды.
Кейін Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша 2018 жылғы форумға жұмсалған шығынды тексеретін бағалаушы тағайындалды.
Сондай-ақ сот отырысында бұрынғы вице-министрдің адвокаты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған еді.
2 мамырда судья бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа қатысты сот тергеуі аяқталғанын хабарлады.
Артынша Е. Қожағапанов ісіне қатысты сот тергеуі қайта жалғасты.