ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық прокуратурасы әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаға ресми жауап берді. Видеода облыс прокурорының әйелі дөрекілік жасады деп айтылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облыстық прокуратурасы аталған бейнежазбаның шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.
«Әлеуметтік желіде «Қызылорда облысы прокурорының әйелі күзетшілерге дөрекілік жасады» деген сипатта бейнежазба тарап жатыр. Бұл - шындыққа жанаспайтын ақпарат. Облыс прокурорының әйелінің аты жөні - Бижанова Татьяна Анатольевна. Ұлты - орыс. Таралған видеодағы басқа әйел. Жала жауып, жалған ақпарат таратушыларға заңмен көзделген тәртіпте жауапкершілік қаралатынын назарға саламыз», - деп жазылған Қызылорда облыстық прокуратурасы таратқан хабарламада.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада медицина қалдықтарын жою талаптарын бұзғандарға 186 айыппұл салынған еді.
Видеодан алынған скрин
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.