Психиатрға қашан жүгінген жөн: маман алаңдатарлық белгілерді атады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары, Алматы қаласының бас штаттан тыс психиатры Наби Есімов адамға қандай жағдайларда психиатр кеңесі қажет екенін түсіндірді.

Фото: Pexels

Оның сөзінше, адамдар психиатрға әртүрлі жағдаймен жүгінеді. Олардың қатарында ауыр психикалық аурулар ғана емес, мазасызданып, күйзеліске тап болған, ұйқысы бұзылып, қатты күйзеліске ұшырағандар да бар.

Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

— Психиатрға жолдама алу автоматты түрде ауыр психиатриялық диагноз қойылады, ауруханаға жатқызады немесе психиатриялық клиникада есепке алынады дегенді білдірмейді. Психиатрдың кеңесі — ең алдымен адамның жағдайын бағалап, оның бойындағы белгілерді анықтап, медициналық көмек қажет пе, жоқ па екенін белгілеуге мүмкіндік береді, — деді Наби Есімов.

Айтуынша, адамның психологиялық жағдайының күнделікті өміріне қаншалықты әсер ететіні де маңызды критерий саналады. Егер эмоциялық жағдай адамның жұмысына, оқуына, жақындарымен қарым-қатынасына немесе әдеттегі белсенділігіне кедергі келтіре бастаса, бұл кәсіби көмекке жүгінуге себеп болуы мүмкін.

Алаңдататын белгілердің қатарында ұзақ уақыт бойы көңіл-күйдің түсуі немесе мазасыздық, бұрын ұнайтын істерге деген қызығушылықтың жоғалуы, қатты ашушаңдық, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, зейін қою қабілеті мен жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі бар. Сондай-ақ қатты мазасыздық немесе үрей ұстамалары, әлеуметтік оқшаулану, мінез-құлық пен көңіл-күйдің күрт өзгеруі де психиатрдың кеңесіне жүгінуге себеп болуы мүмкін.

— Адам өзі мәселе ретінде қабылдамайтын өзгерістерге де ерекше назар аудару қажет. Әдеттен тыс сенімдердің пайда болуы, шамадан тыс күдікшілдік осыған жатады. Тағы бір алаңдататын белгі — күйзеліс пен эмоциялық қиындықты жеңу тәсілі ретінде алкогольді немесе басқа да психобелсенді заттарды қолдану, — деп түсіндірді маман.

Наби Есімов мұндайда жағдайдың асқынуын күтпеуге кеңес берді. Оның айтуынша, адам неғұрлым ертерек көмекке жүгінсе, соғұрлым қолдаудың тиімді тәсілін таңдап, жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу мүмкіндігі жоғары болады.

— Өлім немесе өзіне қол жұмсау туралы ойдың пайда болуы — аса қауіпті белгі. Мұндай жағдай өздігінен өтіп кетеді деп күтуге болмайды. Мүмкіндігінше тез арада кәсіби көмекке жүгіну қажет, — деп атап өтті ол.

Еске салайық, Атырауда психикалық денсаулығына байланысты есепке алынғандар саны артқан.