Дариға Назарованың айтуынша, соңғы жылдары ойынқұмарлыққа шалдыққандар саны күрт өскен. 2023 жылы психологқа 26 адам көмек сұрап жүгінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 71-ге жеткен, оның 13-і — әйелдер.
Оның сөзінше, ойынқұмар адам алғашқы кезеңде иллюзиямен жүреді.
— Проблема содан кейін басталады. Уақыт өте туыстары мен достары оның ойынға тәуелділігін біліп, оған сенбейді. Салдарынан ойынқұмар қарызға батып, абыройын жоғалтып, қауқарсыздыққа ұшырайды. Ең қауіптісі — адам өз мәселесін шеше алмайды, оның жалғыз жолы «өлім» деп ойлайды. Дер кезінде жанашыр адам табылып, маманның көмегіне жүгінбесе, мұндай жағдай қайғылы аяқталады, — дейді Дариға Назарова.
Психолог атап өткендей, ойынқұмар адамның қарызын айналасындағылар төлемеу керек, мәселесін біреу шешіп отырса, ол қиналмайды, тағы да төлеп береді деп өзін алдайды.
— Қиындықты түсінбесе, ол адам мәселесін шешуге құлшынбайды. Ойынқұмарлыққа өзіне не керек екенін түсінбей жүрген адам кіріп кетеді, — деп түсіндірді маман.
Дариға Назарова ойынқұмарлықты қалай жеңуге болатынын айтып берді:
- Аптасына бір рет болса да өз әрекеттеріңізге баға беріңіз;
- Қаржылық сауаттылықты арттырып, тренингтер мен семинарларға қатысыңыз;
- Жақындармен көбірек уақыт өткізіп, туыстар мен достармен қарым-қатынасты нығайтыңыз;
- Спорт, музыка немесе басқа қызығушылықпен айналысыңыз;
- Ойынқұмарлықты мойындап, психолог немесе психотерапевт көмегіне жүгініңіз.
— Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес ойынқұмарлық — үлкен дерт екенін нақтылады. Алайда, ойынқұмарлар әдетте өз ауруын мойындағысы келмей, «өзім тоқтата аламын» деп алдайды. Бұл ретте туыстардың міндеті — оның ауру екенін түсініп, маманға жеткізу. Маман ретінде айтарым ойынқұмарлықты санаға жеткізу арқылы жеңуге болады. Өзіміз де, айналамыздағы жанашырларымыз да аман болсын, — деп тілегін білдірді Назарова.
Осыған дейін Қазақстанда лудомания жайлы фильм жарыққа шығатыны белгілі болды.