«Психологқа барып жүрмін»: Ясмина Тоқсанбаева Азиададан кейінгі өмірі туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындары жүлдегерлерімен кездесіп, оларға мемлекеттік наградалар табыстады. Марапатталғандардың қатарында жарыстағы нәтижесі жойылған Ясмина Тоқсанбаева да бар.

Фото: Ақорда

Бастан өткен жағдайды еске алған спортшы толқуын жасыра алмады. Оның айтуынша, биылғы жарыстар үлкен сынақ болған.

– Осы жыл оңай болмады, маусым да өте ауыр өтті. Жарақат алып, жаз бойы емделуге тура келді. Соған қарамастан, ауырсынғаныма қарамай жаттықтым. Бірақ мұның бәрі зая кетпеді деп ойлаймын. Үлкен спорттың мәні де осында. Көпшіліктің көзінен таса жерде қаншама еңбек, төзім мен сабыр жатыр, – дейді жеңіл атлет.

Әсіресе, ең ауыр сәт – Азия ойындарынан кейінгі жағдай болды. Ясминаның айтуынша, оқиғадан кейінгі алғашқы ай қиын өткен: ұйқысы қашып, қазір психологпен жұмыс істеп жүр. Бұл жағдай оның жақындарына да оңай тимеген.

– Бір ай бойы қатты қиналдым. Осы жағдайдан кейін ұйықтай алмай жүрдім. Әкем әлі күнге дейін жылайды, болған оқиғаны қабылдай алмай жүр. Өзіме келіп, қайтадан жаттығуға кірісу де қиын болды. Қазір психологпен жұмыс істеп жатырмын, – деді ол.

Мойымауға күш берген марапат

Спортшы үшін Мемлекет басшысымен бүгінгі кездесу ерекше маңызды болды. Ясмина Ақордаға шақырылғанын шамамен 1,5 апта бұрын білген. Оның айтуынша, бұл жаңалық өзіне деген сенімін қайта оятып, алға ұмтылуға жігер берген.

Фото: Ақорда

– Президентпен бүгінгі кездесу мен үшін өте маңызды. Ақордаға шақырылғанымды естігенде, үмітім оянып, ерекше шабыттандым. Еңбегім еленіп, мені байқағанын түсіндім. Осы кездесу үшін Президентке шын жүректен алғыс айтамын. Өйткені дәл осы күн маған сынбауға күш берді, – деді Ясмина.

Министрмен бірге балмұздақ жеген күн

Спортшы оқиғадан кейін бірден қолдау көрсеткендерді де ерекше бағалайды. Сол кезде оның жаттығу базасына Туризм және спорт министрі мен федерация президенті арнайы барған. Кездесу бейресми сипатта, өте жылы әрі еркін жағдайда өткен. Олар салтанатты сөз сөйлеп, ресми қабылдау өткізудің орнына, бірге отырып балмұздақ жеген.

– Осы жағдайдан кейін көп ұзамай жаттығу базасына Спорт министрі мен федерация президенті келді. Балалық шақтағыдай бірге отырып, балмұздақ жедік. Олар маған жігер беріп, мұның бәрі әлі бастамасы ғана екенін айтты. Осындай қолдау көрсеткендеріне шексіз ризамын. Министрмен бірге балмұздақ жеудің өзі мен үшін үлкен мәртебе. Әрине, бұған себеп болған жағдайдың өкінішті болғаны жанға батады, – деді жеңіл атлет күлімсіреп.

Фото: Ақорда

Алда – әлем чемпионаты мен Олимпиада арманы

Ясмина келесі маусымның жоспарын құрып, бапкерімен бірге жаттығуды жалғастырып жатыр. Алда жарысқа толы маусым күтіп тұр. Спортшының ең үлкен арманы – Олимпиада ойындарына қатысу.

– Әрине, менің арманым – Олимпиадаға қатысу. Бапкеріммен бірге дайындықты жалғастырып жатырмыз. Келер жылға жоспарымыз көп, соның бірі – әлем чемпионатына қатысу. Ол үшін қажетті нормативті орындауымыз керек. Өкінішке қарай, осы жарыстағы нәтижеміз есепке алынбады, – деді ол.

Спортшы алғашқы жарыстарын ақпан айында бастауды жоспарлап отыр. Мамырда Азия чемпионатына қатысып, Олимпиада нормативін орындауға ниетті. Ал маусымды қыркүйекте өтетін әлем чемпионатымен қорытындыламақ.

Мемлекет қолдауы сезіледі

Ясмина Қазақстанда спорт саласының дамып келе жатқанын және мемлекет тарапынан қолдау бар екенін де атап өтті.

– Қазақстанның осы бағытта дамып келе жатқанына өте қуаныштымын. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Оны көріп те, сезініп те жүрміз. Министрлік тарапынан қолдау бар екенін сезінемін. Бұл мені қуантады, – деді ол.

Еске салайық, отандасымыз Айчи-Нагоя қаласында өткен Азия ойындарының жеңімпазы атанған болатын. Ол жеңіл атлетикадан әйелдер арасында спорттық жүрістен марафон қашықтығын 3 сағат 22 минут 20 секунда бағындырып, мәреге бірінші болып жеткен. 

Алайда кейін оның марафондық спорттық жүрістен көрсеткен нәтижесі жойылды. Оған спортшының аяқ киімі жарыста бекітілген тізімге сәйкес келмеуі себеп болды. 

Бүгін Ақордада Президент Азия ойындары және Азия параойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.