АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 74-ракеткасы Юлия Путинцева Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады.
Қазақстандық теннисші іріктеудің жартылай финалында дүниежүзілік рейтингіде 1477-орында тұрған аустралиялық Тори Расселмен кездесті.
Путинцева жергілікті спортшы тарапынан пәлендей қарсылық көрген жоқ. Матч 6:4, 6:1 есебімен аяқталды.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсекеде Путинцева 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Рассел 1 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева іріктеу сайысының финалында әлемнің 46-ракеткасы, чехиялық Мари Боузкова немесе рейтингіде 467-сатыдағы сербиялық Александра Круничтің қай жеңгенімен шеберлік байқасады.
Өткен жылы осы жарыста Ю.Путинцева жартылай финалға дейін жеткен болатын. Сонда алған рейтингілік ұпайын қорғау үшін биыл барынша сәтті өнер көрсетуі керек.
Қазірдің өзінде қазақстандық теннисші WTA Live рейтингісінде 105-орынға сырғып кетіп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Үндістандағы турнирдің финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).