АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 75-ракеткасы Юлия Путинцева Цзюцзян (Қытай) WTA 250 турнирін жеңіспен бастады.
Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемдік рейтингіде 107-орында тұрған андорралық Виктория Хименес-Касинцевамен өткізді.
Бірінші партияда Путинцева 6:3 есебімен басымдылық танытты. Екінші сетте қарқынын одан сайын үдете түсті – 6:1.
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 3 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Хименес-Касинцева 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия ширек финалға шығу үшін рейтингіде 309-сатыдағы қытайлық Чжэн Ушуан немесе әлемнің 115-ракеткасы, украиналық Юлия Страдубцеваның қай жеңгенімен таласады.
Кейінгі кезде сәтсіздікке тап болып, рейтингіде едәуір төмендеп кеткен Путинцева үшін бұл жарысты сәтті өткізудің маңызы зор.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Токио турнирінің финалында есе жібергенін жазған едік.
Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік алтылыққа енді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).