Qarmet болаты QazTehna автобустарының бөлшегіне айналды

САРАН. KAZINFORM — Отандық металлургия өнімі бүгінде Теміртауда өндірілген болаттан Саран қаласында құрастырылатын автобустардың дайын шанақ бөлшектеріне дейінгі өндірістік тізбектің бір бөлігіне айналып отыр.

Фото: Никита Молотов

QazTehna зауытында Qarmet өндіретін мырышталған болат 2025 жылы іске қосылған кәсіпорынның жеке штамптау өндірісінде өңделеді. Өндірістік кооперация нәтижесінде автобустар құрастырудағы жергілікті қамту үлесі 11%-дан астам өсіп, шанақ бөлшектерін импорттау қажеттілігі азайған. 

Qarmet отандық машина жасау кәсіпорындарын мырышталған болатпен қамтамасыз етеді. Осындай өндірістік кооперацияның нақты мысалының бірі — металлургиялық комбинат өнімінің QazTehna зауытында автобус шанағының бөлшектерін жасауға қолданылуы.

Фото: Никита Молотов

2025 жылы кәсіпорында Қазақстанда алғаш рет қысым күші 1100 тонна болатын гидравликалық штамптау пресі іске қосылды. Жаңа жабдықтың көмегімен шанақтың негізгі металл бөлшектерін — төбесін, бүйір панельдерін, тіреулерін, қаптама элементтерін және басқа да құрамдас бөліктерін кәсіпорынның өзінде өндіруге мүмкіндік туды.

Штамптау өндірісінде Qarmet шығаратын 08ПС және 08КП маркалы мырышталған болат пайдаланылады. Қалыңдығы әртүрлі металл қалалық, туристік және мектеп автобустарына арналған бөлшектерді дайындауға жұмсалады.

Фото: Никита Молотов

«QazTehna» ЖШС өндіріс жөніндегі директоры Александр Мизгулиннің айтуынша, отандық металды өңдеу үдерісі болат табақты дайындаудан басталады.

— Qarmet-тен қаңылтыр металл келгеннен кейін, ең алдымен оны арнайы біліктерден өткіземіз. Осылайша шанақтың төбесі мен бүйір бөліктеріне қажетті қаттылық қабырғалары қалыптасады. Одан кейін металл штамптау үдерісіне жіберіледі. Мұнда пресс дөңгелектер орналасатын арка тәрізді бөліктерді және басқа да қажетті элементтерді қалыптайды. Осылайша қаңылтыр металл бірнеше кезеңнен өтіп, дайын автобустың құрамдас бөлігіне айналады, — деді Александр Мизгулин.

Маманның сөзінше, Qarmet болатын пайдалану — өндірістегі отандық материалдардың үлесін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Бұл ретте металл барлық қажетті сынақтан өткізіліп, машина жасау өнімдеріне қойылатын талаптарға сәйкестігі тексерілген.

— Үлгілер барлық қажетті тестілеу мен сынақтан өтті. Сондықтан материал өзінің техникалық сипаттамалары бойынша біздің өндірістің талаптарына толық сәйкес келеді. Біз үшін отандық өнімді көлік құралдарын өндіруде толыққанды пайдалану мүмкіндігі өте маңызды, — деп атап өтті QazTehna өндіріс жөніндегі директоры.

Кәсіпорынның жеке штамптау өндірісін іске қосуы өндірісті жергіліктендіруді кеңейтудегі маңызды қадамдардың біріне айналды. Бұған дейін шанаққа қажетті бөлшектердің едәуір бөлігі кәсіпорынға дайын күйінде жеткізілетін. Енді шанақтың негізгі металл элементтері Саран қаласындағы зауыттың өзінде отандық шикізаттан өндіріледі.

Фото: Qarmet

Бұл өзгеріс жергілікті қамту үлесін арттырумен қатар, өндірістің өзге де бағыттарына оң әсерін тигізеді. Атап айтқанда, шетелдік жеткізушілерге тәуелділік азайып, импорттық құрамдас бөлшектердің көлемі қысқарады. Сонымен бірге логистикалық шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді.

— Жергіліктендірудің басты артықшылықтарының бірі — өніміміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Автобус өндірісінде отандық материалдарды неғұрлым көп пайдаланған сайын, өнімнің өзіндік құнын оңтайландыру мүмкіндігі де арта түседі. Qarmet металының тағы бір артықшылығы — логистикалық тұрғыдан жақын орналасуында. Жеткізуші бізге жақын болғандықтан, тасымалдау шығындарын да азайта аламыз, — деді Александр Мизгулин.

Бүгінде QazTehna отандық компоненттерді пайдаланып шығарған автобустар Қазақстанның түрлі қалаларында жолаушыларға қызмет көрсетіп жүр. Кәсіпорында Yutong маркалы қалалық, туристік және мектеп автобустары шығарылады. Сонымен қатар өндірістің жергілікті қамту деңгейін арттыру мақсатында Қазақстанның өзінде дайындалатын бөлшектердің тізімі де біртіндеп кеңейіп келеді.

Qarmet пен QazTehna арасындағы өндірістік кооперация металлургия өнімінің кейінгі өндірістік үдерістерге қалай енгізілетінін көрсетеді. Болат өндіруден бастап дайын машина жасау өніміне дейінгі біртұтас өндірістік тізбек қалыптасып келеді. Бұл жағдайда Теміртауда өндірілген металл Саран қаласында жасалған автобустардың құрамдас бөлшегіне айналып, кейін Қазақстан қалаларының жолдарына шығады.

Машина жасау саласына арналған металл өнімдерін жеткізу — Qarmet-тің қазақстандық кәсіпорындармен өндірістік кооперациясының негізгі бағыттарының бірі. Бұл бағытты дамыту металлургиялық комбинатты жаңғырту бағдарламасымен де сабақтас. Бағдарлама құрылыс, машина жасау және автомобиль өнеркәсібіне арналған өнім түрлерін шығаруды кеңейтуді көздейді.